Додаға 132 жас асықшы қатысып жатыр
Бүгін елордада асық ату спортынан жеткіншектер арасында жекелей-командалық Қазақстан чемпионаты басталды. 2014-2016 жылдары туған балалар арасында өтіп жатқан жарыс төрт күнге созылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Чемпионат күзде елімізде өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 100 күн қалуына орайластырылып отыр. Оған 17 өңірден, атап айтқанда, Астана, Алматы қалалары және Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, БҚО, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, СҚО, Түркістан, Ұлытау облыстарынан келген 132 жас асықшы қатысып жатыр.
Жарыстың ашылу салтанатына Ұлттық және ат спорты орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов, Асық ату федерациясының атқарушы директоры Азамат Манапов, Асық атудан Қазақстан Республикасының бас жаттықтырушысы Жомарт Сабыржанұлы, №7 БЖСМ директоры Серік Халелов, мемлекеттік жаттықтырушы Жомарт Оразов және басқа да жаттықтырушылар мен төрешілер қатысты.
Асық ату федерациясының атқарушы директоры Азамат Манапов алдағы уақытта ұлттық спортымыз асық атуды дамыту және насихаттау үшін Аслан Сұлтанов басқаратын федерация тарапынан барлық жағдай жасалатынын ерекше атап өтті.
Бүгін осы чемпионатқа қатысып жатқан жас жеткіншектер болашақта Дүниежүзілік көшпенділер ойындары сияқты үлкен халықаралық додаларда ел намысын қорғайтын спортшылар болады деп сенеміз. Осы сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген жеткіншектер қатысып жатыр. Біз осы балаларға бас қаламыз – Астананы көрсету үшін және 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай чемпионаттан тыс ертең тағы бір турнир өткізбекпіз, – деді Азамат Манапов.
«Бұл мен қатысып жатқан алғашқы республикалық жарыс емес. Былтыр чемпион болғанбыз. Биыл да жеңісті қолдан бермейміз. Асық ату спорты өзіме қатты ұнайды. Бұл бізді дәлдікке, ептілікке үйретеді», – деді Алматы қаласы командасының мүшесі, 10 жастағы Мейіржан Ержігіт.
Өз кезегінде, чемпионаттың бас төрешісі Ержан Өтеғалиев сайыстың өте тартысты басталғанын атап өтті.
Қатысып жатқан барлық 17 команда айналма реті бойынша бір-бірімен сайысады. Яғни, әр команда 16 рет ойнайды. Командалардың барлығы да өте жақсы дайындықпен келген. Тіпті, осыдан 4-5 жыл бұрынғы асықшылардан қазіргі балалардың ойын өрнегі өзгеше. Балалар әлде қайда ысылып, шеберліктері шыңдалып қалған, – деді бас төреші.
Іс-шара Туризм және спорт министрлігінің, Ұлттық спорт қауымдастығының және Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының қолдауымен өтіп жатыр. Сайыстың жабылу салтанаты мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 3 маусымда өтеді.
Еске сала кетсек, Республикалық асық ату федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, садақ ату, жамбы ату, құсбегілік, «JORYQ» ат спорты және тағы басқа федерациялар бар. Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.