Борышкерлердің 286,5 млн теңге көлеміндегі қарыздары өтелді
Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының бастамасымен облыста барлық мүдделі органдармен бірлесіп, «Алимент бойынша 10 қадам» жобасы іске асырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жобаны іске асыру кезеңінде 286,5 млн теңге көлемінде қарыздар өтелді.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып, нәтижесінде 139 борышкер жұмысқа орналастырылса, 274 адам жұмыспен қамту органдарында тіркелді.
Жосықсыз борышкерлерге тиесілі көліктерді анықтау және ұстау бойынша бірлескен рейдтер барысында алимент бойынша 12,5 млн теңге көлемінде берешегі бар борышкерлердің 7 көлігі белгіленіп, қамауға алынды (4 азамат 6 млн теңге қарызын дереу өтеді). 100 борышкерді сот шешімдерін орындамағаны үшін анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде сот 81 адамды қамауға алып, 22 адамға айыппұл салды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Алимент төлеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша 14 борышкерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл ретте аталған бап бойынша 2 жылға дейінгі мерзімге немесе бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі жаза көзделгенін айта кету керек.