Halyq Uni логотип
×

Балық шаруашылығы комитетінің төрағасына қатысты сот үкімі шықты

Оны мемлекеттік наградадан айыру туралы ұсыныс енгізілді

 Динара Амантай 31.05.2024 | 14:52
Балық шаруашылығы комитетінің төрағасына қатысты сот үкімі шықты
Фото: Depositphotos

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасына және жалпы қамқорлығы үшін алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен айтарлықтай мөлшерде пара алған балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының басшысына қатысты істі қарады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотталушыларға екі эпизод бойынша айып тағылды. 

Бірінші эпизод бойынша – 2021-2024 жылдар аралығында Комитет төрағасы өз қарамағындағы басқарма басшысымен алдын ала сөз байласу арқылы Комитетке бағынысты ұйымның бас директорынан жалпы қамқорлығы үшін банктік аударымдар арқылы 1,5 млн теңге көлемінде пара алған.

Екінші эпизод бойынша – «Н» ЖШС директорынан банктік аударым арқылы ұйым қызметінің қамқорлығы үшін 2 млн теңге мөлшерінде пара алынған.

Сот отырысы барысында сотталушылар кінәсін мойындап, жасаған істеріне өкініш білдірді.

Сот айыппұл түріндегі балама жаза тағайындау негіздерін қарастырған жоқ, өйткені болған сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқықбұзушылықтың ауырлығы, сондай-ақ, сотталушылардың мүліктік және отбасылық жағдайы және осы баптың санкциясында көзделген ең төменгі айыппұлдың мөлшерін сот белгілеген мерзімде төлеу мүмкіндігінің болмауын ескерді.

Шын жүректен өкіну, құқықбұзушылықты ашуға жәрдемдесуін және жас балаларының болуы сияқты қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлардың болуына қарамастан, Комитет төрағасы мен басқарма басшысы мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 6 жылға сотталды.

Уәкілетті органға сыбайлас жемқорлық туралы, балық шаруашылығы қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықтың болуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау жайында жеке қаулы шығарылды.

Сондай-ақ, президентке Комитет төрағасын мемлекеттік наградадан айыру туралы ұсыныс енгізілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама