Қазақстанда әлемдегі ең ірі жылыжай салынады
7 мың жаңа жұмыс орны ашылады
Премьер-министр Олжас Бектенов «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің президенті Александр Рудаковпен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселесін талқылады, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Қос тарап аграрлық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыруды қарастырды.
Холдинг Түркістан облысы Келес ауданында жылыжай кешенін салып жатыр. Бүгінде 51 га жер учаскесінде жылыжай ашудың бірінші кезеңі іске асырылуда. Онда жылына 28 мың тоннадан аса қызанақ өсіріледі.
Кездесуде 500 га жерді қамтитын жылыжай кешенінің аумағын кеңейту жобасы талқыға салынды. Бұл жыл бойы 240 мың тоннадан аса көкөніс өсіруге мүмкіндік береді. Өндірілетін өнім ішкі нарыққа жеткізіледі, ал артық өнім шетелге экспортталады.
2025 жылдың соңына дейін жобаның бірінші кезеңі іске асыралады деп жоспарланып отыр.
Александр Рудаковтың айтуынша, бұл әлемдегі ең ірі жылыжайлардың бірі болады. Мұнда 7 мың жұмыс орнын ашу көзделген.
Үкімет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызын атап өтті.
Азық-түлік қауіпсіздігі, тұрғындарды сапалы әрі арзан өнімдермен қамтамасыз ету – Үкімет жұмысының негізгі басымдығы. Демографиялық көрсеткіштерді ескерсек, әлемде азық-түлікке деген қажеттілік тұрақты түрде артып келеді. Бізде ішкі нарықты қамтамасыз етіп, өнімді экспорттауға толық мүмкіндік бар, - деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан азық-түлікпен ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етіп отыр.
Сондықтан ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруді және экспорт көлемін одан әрі арттыруды мақсат етіп отырмыз. Аталған бағытта біз инвесторларды тартуға мүдделіміз және ауқымды жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайынбыз, - деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік «ЭКО-культура» 13 жыл бойы тұрақты дамып келе жатқан, жабық топырақта экологиялық таза көкөніс өсіретін ірі агроөнеркәсіптік холдингтің бірі. Компания бір жылда 300 мың тоннадан аса өнім өндіреді.