×

Астанада 290 мың теңгенің аяқ-киімін ұрлаған күдікті ұсталды (ВИДЕО)

Ол бірнеше рет ұрлық жасаған

 Дәурен Ерболат 31.05.2024 | 09:20
Фото: polisia.kz

Елордада полиция 17 жұп аяқ-киімді ұрлаған күдіктіні ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

Жедел іздестіру шаралары барысында Байқоңыр ауданын криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері бутикте ұрлық жасады деген күдікпен 30 жастағы ер адамды анықтады.

Бұған дейін полицейлерге сауда орталығының өкілі хабарласып, бутиктен белгісіз біреу 17 жұп аяқ киімді ұрлап кеткенін айтқан.

Тергеу барысында күдіктінің сауда алаңына кіріп, клиент атын жамылғаны анықталды. Ол сатушының алаңдағанын пайдаланып, қораптан бірнеше жұп аяқ киімді сөмкесіне салып, бутиктен шығып кеткен. Бір күннен кейін ұры дүкенге қайта оралып, бутиктегі қарбалас сәтті күтіп, аяқ киімді тағы ұрлаған.

Келтірілген залалдың сомасы – шамамен 290 мың теңге. Ер адамның ұрланған аяқ киімді арзанға сатып жүргені анықталды.

Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама