Президент қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай арнайы жазба жариялады
Өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алу қажет
Мемлекет басшысы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында арнайы жазба жариялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Мемлекетіміз қуғын-сүргіннен жазықсыз жапа шеккен жандарды ақтау, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін объективті әрі тыңғылықты зерделеу жұмыстарына баса мән беріп отыр.
Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек. Сонда ғана кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, әділетті мемлекет және өркениетті қоғам құру жолындағы биік белестерді бағындыра аламыз, – деп жазды президент.
Елімізде үш жыл бойы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істеп, былтыр жұмысын қорытындылаған еді. Ауқымды жұмыс нәтижесінде 311 мың саяси құрбан ақталып, 72 томдық кітап оқырманға жол тартты. Halyq Uni тілшісі комиссияның атқарған жұмысына тоқталып, жүздеген мүшесімен қатар маңызды іске атсалысқан тарихшы пікірін де білді.