Кіру және шығу бойынша шектеулер қарастырылмаған
Астананың периметрі бойынша түрлі бағыттар бойынша 8 стационарлық полиция бекеті қойылды. Тәртіп сақшылары азаматтардың құжаттарын тексереді, деп хабарлады nur.kz.
Астана қаласының полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, қалада «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық шарасы өткізіліп жатыр.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстардың алдын алу, жолын кесу үшін қала аумағында Қарағанды, Қосшы, Көкшетау, Павлодар бағыттары бойынша 8 «Рубеж» стационарлық полиция бекеті, сондай-ақ Қорғалжын, Тайтөбе, Балқарағай, Астраханка бағыттары бойынша бекеттер қойылған.
«Бекеттерде құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтардың құжаттары мен автомобильдерде тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексереді. Кіру және шығу бойынша шектеулер қарастырылмаған», – деді nur.kz тілшісіне елордалық ПД өкілдері.