Қостанай облысында мемлекеттік мекеменің бас есепшісі ақша жымқырған
Тергеу барысында күдікті келтірілген шығынды толық көлемде өтеді
Қостанай облысында мемлекеттік мекеменің бас есепшісі ақша жымқырған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қостанай облысы Қарабалық ауданының прокуратурасы тексеру барысында лауазым иесінің бюджет қаражатын ұрлау фактілерін анықтады. Мемлекеттік мекеменің бас есепшісі 6 жыл бойы бюджетті үнемдеуден түскен қаражатты өзіне заңсыз аударған.
Сот-экономикалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, артық аударылған қаражаттың жалпы сомасы шамамен 12,3 миллион теңге болды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігінің 1)-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Тергеу барысында күдікті келтірілген шығынды толық көлемде өтеді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сот үкімімен уәкілетті тұлға 3 жыл 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты дене шынықтыру және спорт басқармасы емханасының бас есепшісі ақша жымқырғанын хабарлаған болатынбыз.