Жамбыл облысында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырушылар сотталды
20 азамат мерзімін өтегеннен кейін елден шығарылды
Жамбыл облысында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырушылар сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Заңсыз көші-қонды ұйымдастырудың алдын алу мақсатында Қордай ауданы прокуратурасы ведомствоаралық жедел тергеу тобын құрды. 2023 жылдың аяғында жедел тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша Пәкістан, Ауғанстан, Қырғызстан және Бангладеш елдерінің 20 азаматына қатысты заңсыз көші-қонды ұйымдастырған 4 азамат ұсталды.
Аталған факті бойынша Қордай аудандық ПБ-мен ҚК-нің 394-бабының 2-бөлігі бойынша («Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен заңсыз көші-қонды ұйымдастыру») қылмыстық іс тергеп-тексерілді. Қордай аудандық сотының үкімдерімен 24 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сонымен қатар Оңтүстік Азияның 20 азаматы мерзімін өтегеннен кейін елден шығарылды. Сот үкімдері заңды күшіне енді.
Осыған ұқсас аудан прокуратурасының үйлестіру жұмыстарының нәтижесінде Непал Республикасының 10 азаматына қатысты заңсыз көші-қонды ұйымдастырған 2 қылмыскер ұсталып, 2024 жылғы 12 мамырда сот санкциясымен қамауға алынды.
Қазір аталған дерек бойынша ҚК-нің 394-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес басқа мәліметтер жариялануға жатпайды.