Президент ардагерлер ұйымының төрағасын қабылдады
Мемлекет басшысына қоғамдық бірлестіктің атқарып жатқан жұмыстары жөнінде мәлімет берілді
Мемлекет басшысы Мәжіліс депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетовті қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарып жатқан жұмыстары жөнінде мәлімет берілді. Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, қазір 2 жоба іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, «Дәнекер» бастамасы қолға алынған. Оның нәтижесінде соңғы 4 жылда 6896 даудың 4563-інде тараптар істі сотқа жеткізбей келісімге келген. Ал, мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған «Іскерлік және жанашырлық» жобасы қазір Атырау, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында іске асырылып жатыр.
Бұдан бөлек, президентке ардагерлердің «Қоғамдық бақылау туралы» Заңды іске асыруға белсенді атсалысып жатқаны жөнінде баяндалды. Олар су тасқынымен күрес кезінде халықты сабырға шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесуде мемлекет басшысына мұнай-газ, ауыл шаруашылығы салаларына, өңірлерде азық-түлік бағасын тұрақтандыруға және дін мәселесіне қатысты ұсыныстар берілді.