Halyq Uni логотип
×

Бірнеше өңірде полицияның басшылық құрамы сотталды

Олар арнаулы атақтарынан және мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды

 Динара Амантай 30.05.2024 | 14:54
Бірнеше өңірде полицияның басшылық құрамы сотталды
Фото: Halyq Uni

Бірқатар ішкі істер огандарының басшысы сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Антикордың мәліметінше, Өскемен қаласының соты қалалық басқарманың әкімшілік полиция бөлімінің бастығы А.А.Тернопольскийге және басқа да адамдарға қатысты пара алу фактілері бойынша үкім шығарған. Ол жүйелі негізде мамандандырылған тұрақтардан автокөліктерді заңсыз бергені үшін 20-дан 50 мың теңгеге дейін пара алған. Сот үкімімен оған «полиция подполковнигі» арнайы атағынан айыра отыра айыппұл салынды.

Сонымен қатар, осы үкіммен парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін Өскемен қалалық ПБ патрульдік полиция батальоны взводының командирі Р. А. Байтанбалиев пен ШҚО ПД ӘПБ инспекторы М.Б. Ербаков, сондай-ақ оған көмек көрсеткені үшін №5 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Д.Т. Биекенов сотталды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 22 млн теңгеден асты.

ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотымен Есіл ауданы ПБ анықтау бөлімінің бастығы Е. Жұманов 5 жылға шартты түрде сотталды. Ол ауыр қылмыс жасаған айыпталушыны қылмыстық жауапкершіліктен заңсыз босатқаны және дәлелдемелерді бұрмалағаны үшін кінәлі деп танылды. Үкімдер заңды күшіне енді.

Ақтөбе облысының аудандық сотымен облыстық полиция департаменті Мәртөк аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары А. М. Ерғалиев 5 жыл 6 айға сотталды. Ол мемлекетке 243 млн теңгеден астам сомаға залал келтіруге әкеп соққан заттай дәлелдемелерді (612 мыңнан астам қорап темекі) жеке меншікке заңсыз беру жолымен лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.

Ақтау қалалық соты облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ш. Қалмұрзаевты 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол шетелдіктен ел аумағында болған кезде жалпы қамқорлығы үшін 3 млн теңге көлемінде пара алған.

Барлық сотталған адамдар арнаулы атақтарынан және мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама