Лондонда отандық көркем фильм үздік атанды

Дастан Жұмабекұлы

Камила Сағынтқанның шығармасы сүйген жары қайтыс болған орта жастағы ер кісі туралы түсірілген

Фото: Ғалымжан Қараманұлы

Ұлыбританияның Лондон қаласында өткен Еуразиялық фильмдер фестивалінде режиссер Камила Сағынтқанның «Тәуелсіздік күні құтты болсын» фильмі «Ең үздік қысқаметражды фильм» аталымы бойынша лауреат атанды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Камила Сағынтқанның шығармасы сүйген жары қайтыс болып, өмірдің мәнін жоғалтқан орта жастағы ер кісі туралы түсірілген.

Қазылар алқасының мүшесі Тимур Ахмеджановтың айутынша, фильмнің көркемдік шешімі әрі қызықты мазмұны, қысқа уақытта біраз маңызды дүниені фильмге сыйғыза алған. Жюрилерге эксперименттік элементтері де ұнаған. Көркем фильм байқауға қатысқан басқа туындыларға қарағанда оқ бойы озық болған.

Биыл фестиваль Еуразиялық шығармашылық гильдиясы коммерциялық емес ұйымы ұйымдастыруымен алтыншы рет өткізілген. Оған қатысуға 22 елден 100-ге жуық үміткер ниет білдірген. Соның ішінен 20 үміткер іріктеліп алынып, бәйгеге түсті.

Кинофестивальге жыл сайын жүздеген талантты режиссер, актер, продюсерлер мен сценаристер жиналады. Оның негізгі мақсаты - еуразиялық киноны ағылшын тілді кеңістікте насихаттау. Орталық Азия және посткеңестік киноиндустрия өкілдерін дүниежүзінен жиналған кәсіпқойлармен таныстыру.

Марапаттау салтанатында Ұлыбританиядағы Қазақ орталығының өкілі Кәмшат Күмісбай әуелетіп ән шырқады.