Қалалық мәслихат тиісті қаулыны бекітті
Алматы мәслихатының кезектен тыс XVIII сессиясында еліміздің көрнекті әртістерінің құрметіне бірнеше көшенің атын өзгерту туралы шешім қабылданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, енді Юрий Гагарин атындағы даңғылдың бір бөлігі Ермек Серкебаевтың есімімен аталады, ал Юбилейная көшесі Владимир Толоконников көшесі болып өзгертілген. Бостандық және Түрксіб аудандарындағы атауы жоқ көшелерге Ескендір Хасанғалиев пен Юрий Померанцев есімі берілді.
Ермек Серкебаев – Қазақстанның халық артисі, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі. Владимир Толоконников – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Алматыдағы орыс драма театрының актері. Ескендір Хасанғалиев пен Юрий Померанцев – халық әртісі атанған талантты азаматтар.
Бұған дейін шешімнің жобасы республикалық ономастика комиссиясының қарауына жіберіліп, қаулы «Ашық НҚА» порталында 28 мамырға дейін талқыланған болатын.