Десантшылар Беларусьте кәсіби сынақтан өтіп жатыр
Жауынгерлер 100 метрге жүзіп, 20 келі жүкпен 100 метрге жүгіріп, белтемірдегі жаттығулармен айналысты
Қарулы күштердің десантшылары Беларусь Республикасы Витебск қаласының маңындағы «Лосвидо» оқу полигонында «Ерлік пен шеберлік» төсбелгісін тағу құқығы үшін ең қиын кәсіби сынақтан өтіп жатыр.
Жарыста 98 адамның ішінен сынақтың екінші кезеңіне 64 әскери қызметші шықты. Дене дайындығын тексеру кезінде десантшылар 100 метрге жүзіп, 20 келі жүкпен 100 метрге жүгіріп, белтемірдегі жаттығулармен айналысты.
Нормативтерді тапсырған соң Ми-8МТВ-5 тікұшағынан десант болып түскен сынаққа қатысқан десантшылар марш жасап, 30 шақырымды салмағы 40 келілік толық жабдықпен жүгіріп өтті. Сонымен қатар бейтаныс жердің топографиясын, карталарды оқу дағдылары мен азимут бойынша қозғалыстары тексеріліп, нысанды іздеу тапсырмасын орындады.
Үшінші кезеңге Қазақстаннан 7 үміткер жіберілді.
Қарулы күштердің әскери қызметшілері сынаққа екінші рет қатысуда. 2023 жылы «Ерлік пен шеберлік» белгісі екі десантшыға салтанатты түрде табыс етілген болатын.