×

Qarmet нысандарында қылмыспен айналысқан топтар ұсталды

Өңірде жасалған ұрлық саны шамамен 46%-ға азайды

 Динара Амантай 30.05.2024 | 09:33
фото: primeminister.kz

«Qarmet» АҚ нысандарында қылмыспен айналысқан топтар ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл Теміртауда үш рет «Қауіпсіз қала» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді. Оның барысында бұрын жасалған 23 қылмыс ашылып, іздеуде жүрген 9 қылмыскер ұсталып, 3,7 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Нәтижесінде 2024 жылы кәсіпорындарда жасалған ұрлық саны шамамен 46%-ға азайды.

«Qarmet» металлургиялық компаниясының нысандарында ұрлық және оның қызметкерлеріне қатысты басқа да ауыр қылмыстар жасаған бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолы кесілді. Өткен жылдың наурызында «Qarmet» АҚ-ның металл өнімдерін ұрлауды жолға қойған 40 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ және оның көшбасшысы ұсталды.

2023 жылдың тамызында аймақтағы криминогендік жағдайға және компанияның қызметіне теріс әсер еткен ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісі мен 27 мүшесі ұсталды.

Қылмыстық істерді тергеу нәтижелері бойынша олардың Қарағанды облысының аумағында миллиондаған жымқыру, сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны туралы дәлелдер жиналды. Тергеу аяқталды. Енді істер прокурорға зерттеу және ары қарай сотқа жіберу үшін жолданады, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Былтырғы жылдың желтоқсанында Қарағанды облысының Абай ауданындағы «Qarmet» кәсіпорнының шахтерлерін бопсалаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Биыл сәуірде ІІМ, ҰҚК және мемлекеттік күзет қызметі Бас прокуратураның үйлестіруімен металлургия комбинатынан аса ірі мөлшердегі ақша ұрлау бойынша қылмыстық схеманы жолға қойған қылмыстық топтың мүшелерін ұстады.

Қылмыстық схема бақылаудағы мердігерлік және күзет ұйымдары арқылы жоқ тауарды жеткізуден тұрған. Шығын 1,5 млрд теңгеден асады. Ұстау және тінту шаралары бір мезгілде Қарағанды, Теміртау және Алматы қалаларында өткізілді. Күдіктілер қамауға алынды. Кәсіпорындарда ұрлыққа жол бермеу бойынша жұмыс ерекше бақылауда, – деді Қуандық Алпыс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама