Елордалық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы жауапқа тартылды
«Бизнеске жол» жобасы аясында 36 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды
«Бизнеске жол» жобасы аясында 36 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бизнесті қорғау бойынша жүргізілген жұмыстар шеңберінде «Бизнеске жол» жобасын іске асырып жатыр. Жоба басталғалы бері 36 420 кәсіпкердің, оның ішінде жыл басынан бастап 7 420 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Кәсіпкерлермен 12 мыңға жуық тергеу әрекетін жүргізу туралы 1 929 қорытынды қаралды.
Агенттікте кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілерінің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылады. Заң бойынша бұндай заңсыздықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
2023 жылдан бастап осындай фактілер бойынша 12 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 7-еуі заңсыз іс-әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік органдарда басшылық лауазымдарды атқарған.
Биыл сәуірде кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін елордалық Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол мемлекеттік сатып алу нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы заңсыз хабарлама енгізген. Салдарынан басқа ұйым жеңімпаз деп танылды. Кәсіпкер лауазымды азаматтың бұл әрекеттеріне сотқа шағымданған. Департамент басшысына қатысты әкімшілік іс қысқартылған іс жүргізу тәртібімен қаралып, 184 600 теңге (50 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды, – делінген Антикор хабарламасында.