Атырау облысында суды сору кезінде құтқарушы жігіт қайтыс болды
Бейбарыстың артында ата-анасы, бауырлары мен жары қалды
Жылыой ауданында су сорғызу кезінде 23 жастағы азамат қайтыс болды, деп хабарлады Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметі.
2024 жылғы 29 мамырда Атырау облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Атырау қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі азаматтық қорғау сержанты Ракым Бейбарыс Жалғасбайұлы Жылыой ауданының Құлсары қаласында су сору бойынша авариялық-құтқару жұмысы кезінде бақилық болды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда, – делінген хабарламада.
Ракым Бейбарыс 2001 жылы Атырау қаласында туған. Азаматтық қорғау органдарында 2021 жылдан бастап қызмет етті. Осы қысқа уақытта бірнеше қауіпті өртке сөндіріп, адам өмірін, мүлкін құтқаруда, қорғауда бар күш-жігерін салып, халық алғысына да бөленген болатын.
Бейбарыстың артында ата-анасы, бауырлары мен жары қалды.