«Қайрат» футбол клубына ресейлік жаттықтырушы келді
Александр Кержаков командамен танысты
Алматы қаласының «Қайрат» футбол клубына ресейлік Александр Кержаков бас жаттықтырушы болып тағайындалды.
Бүгін ол клубтың спорт базасында команданың басшылық, бапкерлер құрамымен және ойыншылармен танысты.
Бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев командаға жаңа жаттықтырушы оның көмекшілері Руслан Аджинджал мен Владимир Казаковты таныстырды. Осы кезге дейін клубтың бас жаттықтырушысы болған Рафаэль Уразбахтиннің командада қалып, басқа жұмыспен айналысатыны хабарланды.
«Қайрат» футбол клубының жаңа жаттықтырушысы 41 жаста. Ол Ресей премьер-лигасы мен кубок жолындағы ойындарда, ұлттық құрама сапында 233 гол салған. Санкт-Петербург қаласының «Зенит» клубында қарсыластар қақпасын 161 рет дәл көздесе, Ресей құрама командасында ойнаған кезінде 30 голдың авторы атанған.
Ойыншы ретінде «Зениттен» бөлек, Испанияның «Севилья», Швейцарияның «Цюрих» пен Мәскеудің «Динамо» командаларында ойнаған.
УЕФА кубогының, Испания кубогы мен Суперкубогының, Швейцария кубогының иегері. Үш дүркін Ресей чемпионы, Кубок иегері, екі мәрте ел Суперкубогының, сондай-ақ премьер-лига кубогының иегері болған.
Александр Кержаков бапкер қызметін 2017 жылы «Зенит» ФК академиясында бастады. 2018-2020 жылдар аралығында Ресейдің U-17, U-18 бен U-19 жасөспірімдер құрамаларын жаттықтырған. Сонымен қатар Кержаков ресейлік «Томь», «Нижний Новгород», Кипрдің «Кармиотисса» мен Сербияның «Спартак» Суботица футбол клубтарында жаттықтырушы болып қызмет еткен.
Биыл Кержаков Испанияның «Севилья» мен Италияның «Интер» клубтарында тағылымдамадан өтті.
2 маусымда сағат 19:00-де «Қайрат» QFL премьер-лигасының 10-турында Қарағандының «Шахтер» клубымен ойнайды.