Прокуратура бюджеттің тиімсіз жұмсалуын тоқтатты
Павлодарда мемлекеттік сатып алулар айқын бұзушылықтармен жүргізілген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Константиновский арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету психоневрологиялық орталығы» КМУ қамқорлығындағы адамдарға жұмсақ құрал-жабдықтарды, киім-кешек пен аяқ киімдерді жеткізу үшін жеткізушілермен 40 лот бойынша шарттар жасаған.
Техникалық ерекшелігінде тауарлардың сипаттамаларын «WhatsApp» қосымшасы арқылы келісу керек екені көрсетілген. Бұндайға жол берілмейді.
Павлодар облысының басқа да мемлекеттік мекемелерінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының (38-бабы 2-тармағы) талаптарына қарамастан, 7 сатып алу бойынша жеке әлеуетті өнім берушіге тиесілігін көрсететін тауардың фирмалық атаулары заңсыз көрсетілген.
Осы жағдайға қатысты кінәлі лауазымды адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тағы бір жағдайда бюджеттің тиімсіз жұмсалуы тоқтатылды.
Мәселен, прокуратураның ұсынуы бойынша Павлодар қаласындағы Ертіс өзенінің теміржол көпірін жарықтандыруға мемлекеттік сатып алудың күші жойылды. Жарияланған сома – 150 млн теңге. Бұл ретте тапсырыс беруші балансында теміржол көпірі бар «ҚТЖ» АҚ филиалының орнына Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі болған.
Қаражат автожолдарды жөндеуге қайта бөлінді. Кінәлі азамат жауапқа тартылды.