Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды
Тараз қаласы прокуратурасы тексеру жүргізу нәтижесінде жеке сот орындаушысының мемлекет пен банк ұйымдарының пайдасына өндіруге тиіс қаражатты ұрлау фактілерін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, сот орындаушысы 46 борышкерден өндіріп алынған 3,1 млн теңгені, оның ішінде мемлекет кірісіне өтелуі тиіс 635 мың теңгені жеке шотына аударып, өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Борышкерлерге қатысты атқарушылық материалдар түпкілікті орындалмай, берешек өтелмей қалған.
Осы дерек бойынша Тараз қаласының прокуратурасы ҚК-нің 251-бабының 2-бөлігімен («Жеке сот орындаушысының өкілеттігін қайталап теріс пайдалануы») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, – делінген прокуратура хабарламасында.
Қылмыстық істі тергеу Тараз қалалық полиция басқармасына жүктелді.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.