Оқу-ағарту министрлігі батырлық танытқан оқушыларды марапаттады
Барлық балаға сауықтыру орталығына жолдамалар мен сыйлықтар табыс етілді
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында елордаға барлық өңірден өз жетістіктерімен ерекшеленген балалар, балалар қозғалысының көшбасшылары мен түрлі жағдайларда адам өмірін арашалап қалған батыр балалар жиналды. Олардың бәрі Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хатымен марапатталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мемлекет тарапынан балалардың қауіпсіздігі мен жайлы ортада өмір сүруі, білім мен тәрбие алуы үшін барлық жағдайдың жасалып отырғанын айтты.
Биыл біз Балаларды қорғау күні қарсаңында дәстүрлі түрде талантымен дараланған және шешуші сәтте батырлық танытқан балаларды жинадық. Мемлекетіміздің, халқымыздың, ата-аналарыңның үкілеген үміті – өздерің.
Бүгінде мемлекет балаларымыздың тәрбиеленуіне, білім алуына және дамуына қолайлы жағдай жасап отыр. Өңірлерде мектептер, балабақшалар, мәдени және спорттық нысандар құрылысы қарқынды жүріп, заңнамалық база жетілдіріліп жатыр, сондай-ақ педагогтердің біліктілігі арттырылып жатыр. Балалар – әрқашан біздің қорғауымызда. Тек білім алуға, биік белестерді бағындыруға және адал, әділ тұлға болуға ұмтылу керек. Өйткені, еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда, – деді Еділ Оспан.
Кездесу әрі қарай ашық диалог форматында жалғасты. Онда балалар өздері, отбасы, мектептегі жетістіктері, қызығушылықтары мен армандары туралы айтты. «Болашақпен кездесу. Диалог с будущим» тақырыбындағы іс-шараға бала құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты.
Әсіресе, Астана қаласы мен Қостанай облысынан келген батыр балалар Ақан, Рамиль, Матвей мен Иванды атап айтуға болады. Жуырда ғана бұл балалар өртеніп жатқан үйлерден адамдарды алып шығып, олардың өмірін сақтап қалды. Жас батырлар мен олардың ата-аналары Оқу-ағарту министрінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Ата-анам мен ұстаздарыма тәрбиелері үшін алғысымыды білдіремін. Сондай-ақ мемлекетке және президентімізге бізге артқан сенімі мен қолдауы үшін алғыс айтқым келеді, – деді №31 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Ақан Әкімжанов.
Кездесу соңында барлық балаға сауықтыру орталығына жолдамалар мен сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ көшбасшылықты дамыту бойынша тренингтер өткізіліп, балалар өзара пікір алмасып, ұсыныстарымен бөлісті. Бұған қоса балалар Астананың мәдени-демалыс орталықтарын аралады.