Келтірілген залал сомасы 530 мың теңгеден асты
Абай облысында ормандағы ағашты заңсыз кескен күдіктілер анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бесқарағай ауданының табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері «Семей орманы» инспекторларымен бірігіп, рейд жасағанда ұзындығы 6 метр, әртүрлі диаметрлі жаңа кесілген қарағай бөренелерімен тиелген тіркемесі бар МТ3 тракторын тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізуші жалған құжаттарды ұсынды.
Ағаштарды заңсыз кескен ауданның тағы 4 азаматы анықталды. Келтірілген залал сомасы 530 мың теңгеден асты.
Аталған дерек Қазақстан Республикасы ҚК-нің екі бабы бойынша, орман қорына кіретін ағаштар мен бұталарды заңсыз кесіп, көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін сотқа дейінгі тергеу басталды, – делінген полиция хабарламасында.