Halyq Uni логотип
×

Алматыда 11 ұрлық жасаған пәтер ұрылары қолға түсті

Қылмыстық топта басқа қаладан келген бес адам болған

 Дастан Жұмабекұлы 29.05.2024 | 13:33
Алматыда 11 ұрлық жасаған пәтер ұрылары қолға түсті
Фото: polisia.kz

Алматы қаласында бір топ ұры қолға түсті. Олар пәтерлерге ұрлыққа 11 рет түсіп, ізін жасырып отырған.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, ұрылар тобында бес адам болған. Күдіктілерді ұстау да оңай болмаған.  Оларды қалалық криминалдық полиция қызметкерлері, Алатау аудандық Полиция басқармасы мен полицияның арнайы жасағы бірігіп, ұстаған.

Тергеудің осы кезеңінде бес күдіктінің 11 ұрлыққа қатысы бар екендігі анықталды.

Күдіктілер жоспар бойынша әрекет еткен.  Олар үй иелерінің бар-жоғын тексеріп, үйге кіріп, ешкімге білдіртпей алып кетуге болатын барлық затты – алтын бұйымдарды, қолма-қол ақшаны және тұрмыстық заттарды ұрлаған. Соңғы қылмысты күдіктілер Нұркент шағын ауданында жасаған.

Олар кілтті таңдау арқылы пәтерге заңсыз кіріп, жалпы сомасы 500 мың теңгенің жеке мүлкін ұрлаған. Қазір күдікті адамдардың бәрі ұсталып, қамауға алынды. Қылмыстық топтың қаланың Алатау, Алмалы, Бостандық пен Түрксіб аудандарында ұрлық жасағаны белгілі болды, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.

Күдіктілер – Қазақстанның басқа аймақтарынан келген. Олар бұрын да осыған ұқсас қылмыс жасап, сотталған.  

ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама