ТЖМ басшысы судағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды
1 маусымнан бастап елде шомылу маусымы басталады
ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов судағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
1 маусымнан бастап елде шомылу маусымы басталады. Осыған байланысты министрлік бөлімшелерімен кеңесте ведомство басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Өткен шомылу кезеңінде 177 адам оның ішінде 53 бала суға батып кетті (2022 жылы – 184 адам, оның ішінде 62 бала). Олардың ішінде, естеріңізде болса, Түркістан облысында резонанс тудырған 11 адамның топтық өлімі бар. Осыған байланысты министрліктің бөлімшелері су айдындарында азаматтардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігін және оқыс оқиғаларға уақтылы ден қоюды қамтамасыз етуі қажет. Сондай-ақ, шомылу және жаппай демалу үшін бұрын рұқсат етілген барлық орындардың қауіпсіздігін тексеруді тапсырамын. Белгіленген талаптарды сақтай отырып, шомылуға және жаппай демалуға рұқсат етілген орындарды ұлғайту бойынша әкімдіктермен жұмыс істеу қажет,- деді Шыңғыс Әрінов.
Өткен жылдардағы талдау көрсеткендей, су айдындарындағы қолайсыз оқиғалардың саны «Қауіпсіздік мәдениеті» деңгейіне тікелей байланысты. Сондықтан ТЖ министрі халық арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуді және шомылуға тыйым салынған жерлерді нақты белгілеуді тапсырды. Шомылуға арналған барлық қауіпті учаскелерде тыйым салу белгілерін орнату, мобильді посттар ұйымдастыру және күнделікті рейдтер жүргізу қажет.
Сондай-ақ, ведомство басшысы өңірлердегі ТЖД Жедел-құтқару жасақтарының материалдық-техникалық базасын жетілдіруге ерекше назар аударылатынын атап өтті.