Halyq Uni логотип
×

Түркістан облысында мемлекеттік кәсіпорынға айыппұл салынды

Мекеме 24 мыңнан аса тұтынушының құқығын бұзған

 Динара Амантай 29.05.2024 | 11:30
Түркістан облысында мемлекеттік кәсіпорынға айыппұл салынды
Фото: Halyq Uni

Сарыағаш ауданының прокуратурасы аудан аумағында коммуналдық қызметтер көрсететін «Сарыағаш Тұрмыс» МКК қызметіне талдау жүргізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Талдау барысында кәсіпорынның уәкілетті органның тарифті бекіту туралы күшін жойған бұйрығын қолдану салдарынан 2022-2023 жылдары 51 кәсіпкер сарқынды суларды қабылдау қызметі үшін негізсіз 38 млн теңгеден астам қаржыны артық төлегені анықталды.

Сондай-ақ кәсіпорынның бұрын енгізілген уақытша өтемдік тарифті қолданбауы және ауыз сумен қамтамасыз ету қызметтері үшін тариф мөлшерін өз бетінше асыра белгілеу салдарынан 2022-2023 жылдары 14 елді мекеннің 24 025 абоненті жалпы 8 708 289 теңге қаражатты негізсіз артық төлеген. Осылайша кәсіпорын 24 076 тұтынушының құқығын бұзған.

Аталған бұзушылықтар бойынша аудан прокуратурасы аудан әкіміне және табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментіне прокурорлық қадағалау актілерін енгізді. Кәсіпорын Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 164-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 4,7 млн теңге айыппұл салынып, 2 лауазымды адам тәртіптік жауаптылыққа тартылды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Тұтынушыларға келтірілген залал уақытша өтемдік тарифін енгізу арқылы өтелетін болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама