×

Қылмыстан жалтару үшін пара бергендер сотталды

Үкімдер заңды күшіне енген жоқ

 Динара Амантай 29.05.2024 | 10:31
Фото: Halyq Uni

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты«№2 және №5 нан базасы» «Астық қоймалары» ЖШС өкілдіктерінің бұрынғы директоры М. Жүсіповті 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға соттады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Антикордың мәліметінше, ол мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына аса ірі мөлшерде дәнді дақылдарды жымқыру фактісі бойынша қылмыстық жауаптылықтан жалтару үшін 350 мың АҚШ доллары көлемінде пара берді деген күдікке ілінген.

Осы үкіммен пара беруге итермелегені және алаяқтыққа оқталғаны үшін И. Барабаш пен Т. Демесинов әрқайсысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар Қостанай қаласы № 2 сотының үкімімен Қостанай адвокаттар алқасының адвокаты О.В. Бранцевке қатысты үкім жарияланды. Ол алаяқтық пен пара беруге итермелеуге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды. О.В. Бранцев құқық қорғау органдарының лауазымды адамдарына қылмыстық жауаптылықтан жалтару үшін пара беру сылтауымен өзінің қорғаушысы А.К. Сансызбаевтың 600 мың теңге мөлшеріндегі қаражатын заңсыз иемденген. Оған параның 20 еселенген сомасы 12 млн теңге мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалып, мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды, – делінген Антикор хабарламасында.

Үкімдер заңды күшіне енген жоқ.

Агенттік өкілдері пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдар пара алушылармен қатар шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігінен айырылғанын еске салады. Пара бергені үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ мүлікті тәркілеу, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айыру, әскери атақтардан, сыныптық шендерден, мемлекеттік наградалардан және тағы басқадан айыру көзделген.

Азамат құқық қорғау органына өз еркімен хабарлаған немесе оған қатысты бопсалау болған жағдайда ғана пара бергені үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Барлық басқа жағдайларда пара беруші де қылмыстық жазаға тартылады.

Өз кезегінде жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдем көрсететін адамдарға біржолғы ақшалай сыйақы төленеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама