×

Су тасқыны: 5307 адам әлі эвакуациялау пункттерінде

63 мыңнан аса адам үйіне оралған

 Динара Амантай 29.05.2024 | 10:07
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

ТЖМ су тасқыны жағдайы бойынша сағат 10:00-дегі ақпаратты жариялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, еліміз бойынша 63 009 адам өз үйлеріне оралған. 5307 адам эвакуациялау пункттерінде.

Сондай-ақ 27.3 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылып, 8.1 млн астам қапшық және 1.5 млн астам тонна инертті материал төселген.

Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы және құрғатылған үйлер мен аумақтарда дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Өткен тәулікте Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында қалған су басқан 9 аула аумағынан су сору жұмыстары жалғасып жатыр. Су басқан 4 аула аумағынан судың бағыты бұрылды. 90 950 текше метр су сорылды.

Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары қаласында, Индер ауданының Индербор кентінде су басқан аумақтардан 61 808 текше метр су сорылды.  Махамбет ауданының Жалғансай ауылында су сору жұмыстары аяқталды. Бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жүргізіліп жатыр.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарында 2 400 қапшық және 230 инертті материал төселді. Бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғастырылып жатыр.

Ақмола облысы Целиноград ауданының Қоянды ауылында жаңбыр суы басқан 11 аула аумағынан, көшелер мен жолдың жүретін бөлігінен су сору жұмыстары жалғасып жатыр. 9 аула аумағынан судың бағыты бұрылды. Өткен тәулікте 5 мыңнан астам текше метр су сорылды.

Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында қуатты жылжымалы сорғы станцияларының көмегімен саяжай үйлерінен еріген қар суын сору жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Өткен тәулікте 209 598 текше метр су сорылды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Атырау облысынан басқа барлық өңілерде су тасқыны аяқталғанын хабарлаған болатынбыз. Елдегі су қоймалары 100 пайызға толуға жақын қалды.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама