Ресейден адам өлтірген күдікті экстрадицияланды
Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Бүгін Бас прокуратураның қызметкерлері Қазақстан азаматын адам өлтіргені үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Ресейден экстрадициялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, ол 2023 жылғы қаңтарда Шымкент қаласында алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адаммен кісі өлтірген. Күдіктінің сыбайластары түрлі жаза түрлеріне сотталды. Фигурантқа қылмыс жасағаннан кейін жасырынуына байланысты халықаралық іздеу жарияланған. Өткен жылғы желтоқсанда ол Ресей Федерациясында ұсталды.
Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ресейлік тарап күдіктіні елге экстрадициялау туралы шешім қабылдады. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Оған қылмыс жасағаны үшін он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ол өмiр бойына сотталуы да мүмкін.