×

Алматыда 26 қайырымдылық мекемесінің қызметі тоқтатылды

Онда балалардың өмірі мен денсаулығына қатысты заңбұзушылықтар анықталды

 Динара Амантай 28.05.2024 | 18:00
Фото: gov.kz

Сот «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелері қауымдастығының құрамына кіретін 26 заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеудің күшін жою және тарату туралы талап қоюды қарады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Уәкілетті орган тексерісінің қорытындысы бойынша Алматы қаласында қайырымдылықпен және білім беру саласындағы қызметпен айналысатын 26 мекеменің тек 11-і нақты жұмыс істеген, ал 15-і тіркелген жерінде жоқ екені анықталған. Олардың қатарында «Ана Аманаты» қыздар мектеп-интернаты, «АМАНАТ әлеуметтік балалар үй-интернаты», «Алмалы» әлеуметтік балалар үйі-интернаты, «Сауран-Ислам мәдени орталығы» және тағы басқа қайырымдылық ұйымдары бар.

Мекемелерде балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей байланысты, соның ішінде көші-қон, еңбек, жер, экология және тұрғын үй мәселелеріне қатысты өрескел заңбұзушылықтар болған. Сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, өрт қауіпсіздігі талаптары, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар, діни, қайырымдылық және қаржылық-шаруашылық қызмет салаларында бұзушылықтар анықталды.

Іс жүзінде мекемелердің жұмысы олардың жарғылық мақсаттарына қайшы келеді. Оның үстіне, олардың кейбіреулері білім беру қызметін тиісті лицензиясыз іске асырған. Балалардың тиісті білім, тәрбие және дер кезінде медициналық көмек алу құқығы мен бостандығы бұзылған.

Қайырымдылық мекемелерінің діни көзқарасы расталып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Жібек жолы» мекемесімен меморандумы біржақты тәртіпте тоқтатылған. Заң нормаларын бұзған аталған мекемелердің бірқатарына және олардың басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалған (кәмелетке толмағанның өз-өзіне қол жұмсауы, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау, әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік және діни араздықты қоздыру, сотпен экстремистік және террористік деп таныған әдебиеттерді табу).

Осыған орай, бірінші сатыдағы сот талап қоюды толық қанағаттандырды.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен 26 қайырымдылық мекемесінің мемлекеттік тіркеуі жойылып, қызметі тоқтатылды.

Апелляция бұл шешімді күшінде қалдырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама