Әкесінің атына несие рәсімдеген қызға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Қазір сотқа дейінгі тергеу болып жатыр
ШҚО тұрғыны жасырын түрде әкесінің атына қомақты несие рәсімдеген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өскеменде қала тұрғыны полицияға алаяқтық туралы арызбен хабарласқан. Ер адам банктердің бірінде оның атына несие рәсімделгені туралы хабарлады. Банк қызметкерлері берешектің жалпы сомасы шамамен 800 мың теңге екендігін айтқан.
Полицейлер жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде күдіктіні анықтады. Ол өтініш берушінің қызы болып шықты. Бойжеткен ақшалай несиені жауып тастаймын деген желеумен әкесінің телефонын алып, оның атына басқа тауарлық несие рәсімдегені анықталды.
Тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктіге төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостыдығын шектеу не бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін, – делінген полиция хабарламасында.