25 мың долларды шекарадан заңсыз өткізбек болғандар анықталды
Заң бұзғандар жауапқа тартылады
«Қорғас» кеден бекетінде 25 мыңға жуық долларды (11 млн теңге) шекарадан заңсыз өткізбек болған қазақстандықтар анықталды, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.
25-26 мамыр аралығында МКК-нің Жетісу облысы бойынша департарменті «Қорғас ШЫХО» кеден бекетінің қызметкерлері кеден заңнамасын бұзып, темекі өнімдері мен валютаны екі реттен шекарадан заңсыз шығарып, смартфондар мен дәрілік заттарды да шетелге алып өтпек болған азаматтарды анықтады.
«Х. атты азаматтың көлігін тексеру кезінде автомобильден OSCAR, ESSE маркалы 2 161 блок темекі, ал М. атты азаматтан MILANO және MAC маркалы 205 блок темекі табылды.
Сондай-ақ Қазақстанның 2 азаматынан 11 млн теңгені (24 912 доллар) шекарадан заңсыз өткізбек болғаны анықталды, ақша тәркіленді.
Жолаушылар терминалында кедендік тексеру кезінде Қазақстан азаматынан Redmi маркалы 25 смартфон тәркіленді. Ол да тауарды жасырын өткізбек болған.
Сонымен қатар Х. атты азаматтан бір қаптамада 50 дана және 83 қаптама дәрі-дәрмек анықталды, - деп жазылған хабарламада.
Қазір бұл деректердің негізінде әкімшілік іс қозғалып, тауарлар мен көліктерді тәркілеу мәселесі қарастырылып жатыр.