Кінәлі тарап әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен келіспеген
Жамбыл облысы Сарысу аудандық соты аудандық полиция бөліміне қатысты әкімшілік істі қарады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сотта анықталғандай, полиция бөлімі бірнеше қорғаныс нұсқамаларын жазып, «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заңның 20-бабының талаптарын орындамаған. Аталған заңның 20-бабына сәйкес, жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер органының қызметкерлері жәбірленушінің пікірін ескере отырып, қорғау нұсқамасын шығарады. Ал ол тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған не оны жасау қаупін төндіретін адамға орындау үшін қолхатпен тапсырылады.
Жәбірленушіге оның құқығы, сондай-ақ өзіне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған адам оны бұзған жағдайда құқықтық салдалары түсіндіріле отырып, қорғау нұсқамасы шығарған күні оның көшірмесі қолхатпен беріледі. Қорғау нұсқамасының көшірмесі өзіне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған адамға табыс етілген кезінен бастап 24 сағат ішінде прокурорға жіберіледі.
Сотта Сарысу ауданының полиция бөлімінің өкілі әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен келіспей, прокурордың қаулысы негізсіз шығарылғанын көрсетіп, әкімшілік құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты соттан істі тоқтатуды сұрады.
ӘҚБтК-нің 666-бабының санкциясымен мемлекеттік органның заңнамалық актілерге сәйкес мұндай хабардар етуді талап ететін әрекеттерді жүргізуі туралы прокурорды хабардар етпеу немесе уақтылы хабарламағаны үшін 200 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу көзделген. Сот шешімімен Сарысу аудандық полиция бөлімі ӘҚБтК-нің 666-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 738 мың теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды, – делінген сот хабарламасында.