Боксшы Мұхамедсабыр Базарбайұлы келесі айналымға шықты

Дастан Жұмабекұлы

Ал Наталья Богданова ертең алғашқы жекпе-жегіне шығады

Фото: Сали Сабиров

Бокстан Таиландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан Олимпиадаға іріктеу турнирінде Мұхамедсабыр Базарбайұлы екінші жекпе-жегінде де жеңіске жетіп, келесі айналымға шықты.

Бүгін 63,5 келі салмақта сынға түсіп жатқан боксшы түркиялық Мизан Айкөлді жеңді. Бұған дейін ол филиппиндік қарсыласы Кристиан Питт Лауреттені жеңген болатын. 

Бокстан Қазақстан командасы жеті салмақтың алтауында жолдама алып үлгерді. Енді ерлер арасында бір жолдаманың мәселесі Таиландтағы соңғы іріктеу турнирінде шешіледі. 

Кешкі сессияда 16:45-те 54 келі салмақтағы Ұлжан Сәрсенбек америкалық Шэрой Мэй Патрисиомен күш сынасады. Одан басқа Валентина Хальзова (75 кг), Назым Қызайбай (50 кг), 60 келі салмақта Римма Волосенко мен Наталья Богданова қолғап түйістіреді.

Богданова алғашқы жекпе-жегіне ертең, 29 мамырда шығады. Ал басқалары алғашқы айқастарын жеңіп, келесі айналымға шығып отыр. Мұхамедсабыр Базарбайұлы екінші жекпе-жегін жеңді.

Таиландтағы іріктеу турнир 3 маусымда аяқталады.