×

Түркістан облысының командасы көкпардан ел чемпионатында жеңіске жетті

Додада 140-қа жуық шабандоз күш сынасты

 Динара Амантай 28.05.2024 | 12:51
Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметі

Шымкентте көкпардан жастар арасындағы ХVIII Қазақстан емпионаты аяқталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

21 мамырда басталған додада 140-қа жуық шабандоз өнер көрсетті.

Чемпионатқа Шымкент қаласы және Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Ұлытау облыстарының құрама командалары қатысты. 12 команда үш-үштен төрт топқа бөлініп, айналмалы жүйе бойынша ойнады.

Жартылай финалда өз топтарында бірінші орынмен шыққан Түркістан мен Атырау облыстарының құрамалары кездесті. Бұл тартысты ойында түркістандықтар 8:3 есебімен басым түсті. 1/2 финалдың екінші ойынында  Алматы облысы мен Шымкент қаласы құрамаларының күш сынасты. Бұл додада шымқаланың командасы қарсыластарын 9:3 есебімен жеңді.

Жартылай финалдан сүрінген Атырау мен Алматы облыстарының командалары үшінші орын үшін айқасты. Нәтижесінде 4:2 есебімен 3-орын мен оның жүлдесі – 3 млн теңге атыраулықтарға бұйырды.

Финалда Шымкент қаласы мен Түркістан облысының командалары додаға түсті. Ойын өте тартысты және қызықты болды. Есеп тек бірінші тайм аяқталар тұста ғана ашылды.

Екінші таймда түркістандықтардың екінші демі ашылып, қазандыққа 2 салым салды. Есеп – 3:0. Түркістандық команда көкпардан жастар арасындағы XVIII Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды. Екінші орынан көрінген Шымкент командасына – 5 млн, ал жеңімпаз Түркістан облысының командасына  7 млн теңге жүлде берілді.

Еске сала кетейік, Республикалық көкпар федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге бәйге, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, садақ ату, құсбегілік, асық ату, «JORYQ» ат спорты және тағы басқа федерациялар бар.

Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама