Жүлде қоры – 1 500 000 теңге
Елімізде «Ұлттық сезім» ұлттық киім онлайн-байқауы басталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Байқауға дизайнерлермен қатар, басқа да барлық ниет білдіруші қатыса алады. Негізгі шарт – киім өз қолымен жасалуы керек.
Ұлттық стиль мен ұлттық киімге деген шығармашылық көзқарастың алуан түрлілігін айқын көрсетуге арналған бұл байқау 17 мамырдан 17 тамызға дейін жалғасады және екі кезеңнен тұрады. Жеңімпаздар ұсынылған костюмнің өзіндік ерекшелігі, шығармашылығы және сапасы негізінде анықталады.
Байқаудың жүлде қоры – 1 500 000 теңге. Толық ақпарат пен конкурс ережелері туралы толығырақ жобаның @ulttyqsezim.kz Instagram-аккаунтында танысуға болады.
Еске сала кетсек, «Ұлттық сезім» флешмобы 2023 жылдың желтоқсаннан бастап Қазақстан аумағында өткізіліп келеді. Бастама мәдени байлық пен дәстүрге баса назар аудара отырып, ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған.
Жоба алғаш рет бүкіл елде 2023 жылдың 1 желтоқсанында басталды. Сол кезде бастаманы Қазақстанның жетекші ұйымдарының қызметкері, YPO мүшелері және флешмоб бастамашы компаниялары қолдады. Олардың арасында Kusto Group, Tas Group, Chocofamily Holding, «BI Group», Astana Group, Invictus, Novopack, Bilim Media Group, Ordamed Group, MYD Production, SDC, Freedom Holding Corp, Ұлттық спорт қауымдастығы мен оның құрамына кіретін федерациялар бар.
Осы күнді жетекші ұйымдардың қызметкерлері, студенттер мен оқушылар ұлттық, заманауи стильдендірілген киім киіп, дәстүрлі аксессуарлар тағып өткізді.
Қазір жобаға Қазақстанның 100-ден астам компаниясы мен білім беру ұйымдары қолдау білдіріп, қатысушылар саны 20 мың адамнан асты және олардың саны күн санап артып келеді. Жаңа қатысушылар қатарында Magnum, «ҚТЖ»ҰК» АҚ, NKB Group, AlemAgro, Iron Plast Group, Jusan Mobile, Grata International, Банк Centercredit, Viled Group, Caspian Sea Support, Kazakh Speaking Club, Kusto Logistics пен Zhebe Logistics бар.
«Ұлттық сезім» ұйымдастырушылары жобаның басты мақсаты дәстүр мен мәдени мұраны сақтап, тарату, ұлттық киім қолөнері мен нарығын дамыту және осы салада жұмыс істейтін жас дизайнерлер мен қолөнершілерге қолдау көрсету екенін айтады.