Түркістан облысында әкімдікке қарасты мекемеде ақша жымқырылған
Прокуратура 4 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтарды анықтады
Түркістан облысының прокуратурасы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Еңбек мобильділігі орталығы» қызметінде жүйелі бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Тексеру нәтижесінде «Қоғамдық жұмыс» мемлекеттік бағдарламасына қатыспаған 122 адамға жалақыны заңсыз аудару арқылы 31 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру анықталды.
Жинақталған құжаттар СДТБТ-ге тіркеліп, тергеу жүргізу үшін Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды.
«Жастар практикасы» және «Ақылы қоғамдық жұмыс» бағдарламаларының 4 мыңнан астам қатысушысына 2023 жылға міндетті медициналық сақтандыру бойынша 11,6 млн теңгеге төлем жүргізілмеген. Орталық қызметінде 4 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар және шарттарда негізсіз талаптар қою арқылы 760 кәсіпкердің құқығын шектеу фактілері анықталды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Бұдан бөлек, «Қысқа мерзімді оқыту» бағдарламасы шеңберінде оқудан өткен 50 адам іс жүзінде үздіксіз (6 айға дейін) жұмыспен қамтамасыз етілмеген.
Осындай бұзушылықтарды болдырмау және азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында облыс прокуратурасы облыс әкімдігіне және уәкілетті мемлекеттік органдарға 4 прокурорлық қадағалау актісін енгізіп, жекелеген фактілер бойынша құжаттар процестік шешімдер қабылдау үшін экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды.