Бүгін - Мемлекеттік рәміздер күні

Динара Амантай

Биыл мемлекеттігіміздің символдарының қабылданғанына 30 жыл толып отыр

Фото: Halyq Uni

2007 жылы 4 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

Еліміздің әрбір азаматы үшін қастерлі саналатын мемлекеттік рәміздеріміздің тарихына тоқталар болсақ, 1992 жылдың басында Әнұран, Ту,  Елтаңбаны таңдау үшін Жоғарғы кеңес президиумы жұмыс тобын құрып, арнаулы шығармашылық комиссия тағайындаған. Оның құрамына Салық Зиманов, Ербол Шәймерденов, Серікболсын Әбділдин, Серік Әбдрахманов және тағы басқа белгілі қайраткерлер кірді. Бұдан кейін еліміздің аумағнда мемлекеттік рәміздердің нұсқаларына конкурс жарияланды. Бір ғана тудың өзіне 600 адамнан 1 200 нұсқа түссе, Елтаңбаның 245 жобасы, әнұранның 750 үлгісі байқауға қатысты. Эстетикалық сипатымен де, тарихи, саяси, экономикалық символизмге сәйкес келуі бойынша да үздік туынды ұсынған байқау жеңімпаздарын қазір халық мемлекеттік нышан авторлары ретінде таниды. Олар: Ту авторы - Шәкен Ниязбеков. Елтаңба авторлары - Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов.

Сонымен бірге Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш әнұран авторлары ретінде - әуенін жазған Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидидің есімі тарихта қалды. Үздік мәтінге жарияланған байқауда Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.

2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Таңдау ел арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» әніне түскен еді. 1956 жылы сазгер Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығынан шыққан туындының бастапқы мәтінін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өңдеді.