×

Биыл республикалық маңызы бар жолдарға 7 млн тонна асфальт төселеді

Көлік министрлігі 12 мың шақырымға жол салады

 Дастан Жұмабекұлы 28.05.2024 | 09:53
Фото: ortcom.kz

Биыл «Астана – Алматы» автомобиль жолын қайта жөндеуге 2,5 млн тонна асфальт төсеу жоспарлануда.

Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллиннің айтуынша, қазіргі кезде республикалық маңызы бар автожолдарға бір млн тоннаға жуық асфальтбетон төселді.

Мәселен, Астана мен Алматыны жалғайтын «Орталық – Оңтүстік» дәлізін реконструкциялау жобасына 560 мың тонна асфальтбетон, ал «Ақтөбе – Қандыағаш» жобасында 125 мың тонна асфальт төселді.

«алдықорған – Өскемен» тасжолын қайта жөндеуге 638 мың тонна асфальтбетон пайдалану көзделген. «Атырау – Астрахань» автожолын реконструкциялауды аяқтау үшін 500 мың тоннаға жуық асфальтбетон төсеу жоспарлануда, – деді ол.

Биыл Көлік министрлігі 12 мың шақырымға жол салады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Мәселен, республикалық маңызы бар 5,3 мың шақырым жолда жөндеу жұмыстары жалғасын тапса, 4,2 мың жергілікті маңызға ие жол жөндеу жұмыстарымен қамтылады.

Сонымен қатар Көлік министрлігі салынғаннан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген жолдарды орташа жөндеу үшін жаңа ауқымды бағдарламаны іске қосады. 2,5 мың шақырым жол орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Бұл облысаралық байланысты айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, 4 облыстың аумағы арқылы өтетін «Жезқазған – Петропавл» автожолында орташа жөндеу жұмыстары істелінеді.

Ақтөбе облысындағы «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» тасжолын, ал Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында Өскемен мен Семей арасындағы автомобиль жолы жөнделмек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама