Турнирге 190-нан астам шабандоз қатысты
Талдықорған қаласының ипподромында бәйгеден Қазақстан Чемпионатының IV іріктеу кезеңі өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жарысты облыс әкімдігінің қолдауымен Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіретін бәйге федерациясы ұйымдастырды.
Турнирге қатысқан 190-нан астам шабандоз үздік шабандоз атағы мен финалдан орын алу үшін тартысты ойын көрсетті.
Жарыс бәйгенің 4 түрі бойынша өтті: Құнан бәйге, Топ бәйге, Аламан бәйге және Ұлы Аламан. Жалпы жүлде қоры – 30 млн теңге.
Құнан бәйге бойынша І орынды Жұлдыз атты тұлпар алды, шабандозы – Әуесхан Ислам, II орынды Қарлығаш атты құнан иеленді, шабандозы – Бекжан Ержанұлы алды. Жүлдегерлер үштігін Бұйрық есімді атқа мінген Нүсіпжан Бекарыс тәмамдады.
Топ бәйгеде Айқабақ атты сәйгүлік үздік атанды, шабандозы – Аңсар Арыстанбек. II орынды Қалқаман иеленді, шабандозы – Арнұр Саматұлы, ІІІ орынды Шұғыла атты тұлпар жеңіп алды, шабандозы – Абзал Тұрғанбек.
Аламан бәйге нәтижесі бойынша І орынды Бүркіт атты айғыр иеленді, шабандозы – Бекзат Ділдахан, ІІ орынды Рахмет деген жылқы жеңіп алды, шабандозы – Айбын Өмен. ІІІ орында – Тасқын атты тұлпар, шабандозы – Нұрбай Жасұлан.
Бәйгені аяқтаған соңғы сайыс – Ұлы Аламан бәйге. Нәтижелері келесідей: I орынды Самұрық иеленді, шабандозы – Әлібек Нұрғазыұлы. Осы орын үшін оған жарыстың бас жүлдесі 5 млн теңге берілді. II орынды Жұмыртұяқ алды, шабандозы – Хамза Амангелді. III орынды Фартуна атты айғыр иеленді, шабандозы – Арнұр Саматұлы.
Сонымен қатар, көрермендер үшін жалпы жүлде қоры 3 млн теңге болатын сыйлықтардың ұтыс ойыны өтті.
Еске сала кетсек, Республикалық бәйге федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, садақ ату, құсбегілік, асық ату, «JORYQ» ат спорты және тағы басқа федерациялар бар. Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.