Halyq Uni логотип
×

Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр

Абай ауданында өткен тазалық іс-шарасына 250-ден аса адам қатысты

 Динара Амантай 27.05.2024 | 13:04
Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр
Фото: Шымке

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы Шымкент қаласында қарқынды жалғасып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қаладағы барлық аудандар аясында тазалық шаралары жан-жақты іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, Абай ауданында бірқатар экологиялық шара іске асырылды. Осы аудан аумағындағы Темірлан тасжолында орналасқан скверде тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Тазалық іс-шарасына жалпы 100-ден астам аудан тұрғындары, кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар, еріктілер қатысты. «Тазалық – денсаулық кепілі» деген ұстаныммен өткен іс-шарада ағаш кесу, әктеу, шөп ору, суғару, қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілді.

Мемлекет басшысы тапсырмасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаннан бері аудан тұрғындары күн сайын өзі тұратын көше бойындағы арықтарды, жол жиектерін қоқыстан тазартып, белсенді қатысып жатыр. Қала – ортақ үйіміз. Сондықтан, оның көркейіп, гүлденуіне әрбір тұрғын бей-жай қарамай, қоқыс-қалдықтарды кез келген жерге лақтырмай, таза ұстауға ат салысуы қажет, – деді Қызылжар шағын ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бастархан Байжанов.

Абай ауданы көлемінде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр.

Табиғатты таза ұстау, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау –  сіз бен біздің басты міндетіміз. Осы ретте, барша тұрғындардан еңбекті бағалауды, көлікте, көшеде жүргенде бей-берекет қоқыс тастамауды сұраймыз, – деді Шымкент қаласының әйелдер істері жөніндегі гендерлік комиссияның мүшесі, қоғам белсендісі Орынша Таджибаева.

Абай ауданында өткен тазалық іс-шарасына 250-ден аса адам қатысты. Бұл шара тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталды.

Ал, Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданына қарасты Әліби Жангелдин көшесі бойындағы №28, 30, 32 көпқабатты тұрғын үй тұрғындары да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізіліп жатқан тазалық жұмыстарында белсенділік танытты.

Тұрғындар «Тазалық – денсаулық кепілі» деген ұранды ұстанып, өз аулаларындағы ағаштардың түптерін әктеу, артық өскен бұталарды қырқу, шөптерді ору, ирригациялық арықтарды күл-қоқыстан тазалау және ойын алаңшалары мен орындықтарды сырлау жұмыстарын жүргізді.

Тазалық жұмыстарына тұрғындармен бірге ауданның ардагерлері, белсенді жастармен қатар коммуналдық қызметкерлер барлығы 200-ден астам адам атсалысты.

Іс-шараға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Наштайұлы президенттің «Таза Қазақстан» акциясының науқандық іс-шара еместігін, бұған әрбір қала тұрғыны бей-жай қарамай тазалық мәдениетінің өзімізден бастау қажет екенін айтты. Сондай-ақ тұрғындарды өз аулаларын таза ұстауға, жастардың тазалық мәдениетін сақтауға баса назар аудару қажет екенін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама