2 шағын автобуста 22 бала болған
Ақмола облысында патрульдік полиция жантүршігерлік көлік апатының алдын алды, деп хабарлады Polisia.kz.
Оқыс оқиға 24 мамырға қараған түні болды. Патрульдік полиция батальонының командирі Азамат Ахметовтың айтуынша, екі шағын автобус Бурабай ауданынан шыққан. Онда барлығы 22 бала болған.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автобусты облыстық батальонның 4 взводының қызметкерлері Бүркіт Алшынбаев пен Рыспек Қабдрашев бақылаған.
Түнгі сағат 2:15 шамасында Екатеринбург – Астана трассында (Жақсы ауданының аумағы) полиция жолдың қарама-қарсы бағытымен келе жатқан жүк көлігін байқаған.
Полицейлер арнайы құрылғы арқылы сигнал беріп, ескерту жасаған. Жүргізуші оны елемеген. Кейін көліктің бұзылып, жүргізуші оны тоқтата алмай келе жатқаны анықталды.
Тәртіп сақшылары оқушылардың өмірін аман сақтап қалу үшін өз өмірін қиюға дайын болған. Соңғы сәтте жүк көлігінің жүргізушісі көлікті тоқтатып үлгерген. Алайда жүк көлігінің тіркемесі патрульдік полицияның көлігіне зақым келтірген.
Бүркіт Алшынбаевтың айтуынша, 2 шағын автобустың жүргізушілері де кәсіпқойлық танытқан. Олар апатты жағдайды көріп, жылдамдықты төмендетіп, жол жиегіне шыққан.
Полицейлер шешім қабылдау үшін 1-2 секунд ғана болғанын айтты.
Соққыны өзімізге қабылдауға дайын болдық, – деді Бүркіт Алшынбаев.
Жолда қауіпті жағдай тудырғаны үшін жүк көлігінің жүргізушісі жауапқа тартылды.