Академик Төрегелді Шарманов дүниеден өтті
Қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан нутрициолог 95 жаста еді
Белгілі гигиенист-нутрициолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, ғалым, Қазақ тағамтану академиясының президенті, қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Төрегелді Шарманов 95 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қайғылы жаңалықты Төрегелді Шармановтың ұлы Алмаз Шарман әлеуметтік желіде жеткізді. Ол әкесінің суретін жариялады, ал ғалымның әріптестері оның қайтыс болғанын жазып, көңіл айтты.
ТӨРЕГЕЛДІ ШАРМАНОВ
19 қазан 1930 жылы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында туған. 1949 жылы мектеп бітірісімен Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, өте жақсы көрсеткішімен аяқтап шыққан. 1955-1958 жылдары Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының аспирантурасын жоғары көрсеткішпен бітірген.
Негізгі ғылыми еңбектері тамақтану физиологиясына арналған. Ол тамақтану тәртібінің бұзылу себептерін зерттеп, адам денесінде ақуыз, дәрумен жетіспеу жөнінде тұжырым жасап, мешел ауруының даму механизімін ашқан. Оның басшылығымен омыраудағы балаларға арналған «Бөбек», «Аруана», «Антихолестерин» тағам қоспалары шыққан. Шарманов 12 жыл бойы денсаулық сақтау министрі болған. Оның бастамасымен 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық ұйымы (ДДҰ) мен ЮНИСЕФ-тің Халықаралық Алматы конференциясы өтіп, онда медицинаның алғашқы жәрдем санатының ұлттық жүйесін ұйымдастырудың ұстанымдары алғаш рет тұжырымдалған Алматы декларациясы қабылданған. Көптеген мемлекеттік және халықаралық наградамен марапатталған.
Тоқаев Наурыз мерекесі қарсаңында бірқатар азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады. Кешкі алтыдан соң тамақтанбау: кім нені ескермей жүр.