25 мамырға ауа райы болжамы жарияланды
«Қазгидромет» РМК Қазақстан аймақтарында 2024 жылғы 25 мамырда болатын қауіпті метеорологиялық құбылыстарға болжау консультациясын жариялады.
«Қазгидромет» РМК Қазақстан аймақтарында 2024 жылғы 25 мамырда болатын қауіпті метеорологиялық құбылыстарға болжау консультациясын жариялады.
Қазақстанның басым бөлігінде ауа райын циклон және онымен байланысты суық атмосфералық фронттар анықтайды, жауын-шашын, солтүстікте, орталықта, оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында – қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), оңтүстікте қатты жаңбыр жауады, республиканың солтүстік-шығысында, шығысында және орталығында бұршақ жаууы мүмкін. Еліміздің батысында ғана күн ашық, жылы болады. Республика бойынша екпінді жел соғады, түнде солтүстікте және орталықта тұман күтіледі.
Түнде Қостанай облысында, Солтүстік Қазақстанның солтүстігінде, батысында, Ақтөбе облысының солтүстік-шығысында, Ақмола облысының солтүстік-батысында, Ұлытау облысының солтүстігінде, Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде топырақ бетінде 1-6 градус үсік күтіледі.
Қостанай облысының оңтүстігінде, Атырау облысының батысында, орталығында, Қызылорда облысының шығысында, Батыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстік-батысында, Шығыс Қазақстан облысының орталығында, Абай облысының орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.
Абай облысының оңтүстігінде, Түркістан облысының шөлді аймақтарында, Жетісу облысының шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.