Halyq Uni логотип
×

Өңірлердегі фитосанитарлық инспекциялар шегірткеге мониторинг жүргізу үшін дрондармен жабдықталады

Өңдеуге бекітілген аумақ – 2,5 млн гектар

 Динара Амантай 24.05.2024 | 17:55
Өңірлердегі фитосанитарлық инспекциялар шегірткеге мониторинг жүргізу үшін дрондармен жабдықталады
Фото: primeminister.kz

Мемлекет шегіртке дернәсілдерін бақылау үшін фитосанитарлық қызметке көмекке арнайы дрондар сатып алады. Егістікті өңдеуге арналған дрондарды сатып алуды субсидиялау мүмкіндігі қарастырылып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Астанада 23 мамырда вице-премьер Серік Жұманғарин шегірткеге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың екінші отырысын өткізді.

Қазір барлық өңірлерде облыс әкімдері орынбасарларының басшылығымен жедел жұмыс үшін жергілікті деңгейдегі штабтар құрылды. Болжамдар өзгерген жоқ. Өңдеуге бекітілген аумақ 2,5 млн гектар көлемінде қалып отыр. Ең үлкен аумақ – Ақтөбе (784,4 мың га) және Қостанай (775,6 мың гектар) облыстарында. Бұл аумақты шегірткенің италиялық прус түрінен тазарту қажет.

Шығыс, солтүстік және орталық аймақтардағы суық ауа райына байланысты шегіртке дернәсілдерінің жаппай көбеюі мен дамуы кешеуілдеп тұр. Өңдеу жұмыстары Ақтөбе (10,8 мың гектар), Алматы (0,2 мың гектар), Атырау (0,8 мың гектар), Жамбыл (5,1 мың гектар), Жетісу (0,7 мың гектар), Батыс Қазақстан (0,6 мың гектар) облыстарында басталды.

Түркістан және Жамбыл облыстарында таралған марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстары аяқталды. Түркістанда тазарту 255,3 мың гектарға немесе 94%-ға жүргізілді, Жамбылда – 9,7 мың гектар немесе 99,5% жер өңделді. 

Шегірткелердің таралуының үлкен ауқымын, қол жетпейтін жерлерде жұмыс істеудің күрделілігін және дернәсілдердің нақты орналасқан жерін білудің маңыздылығын ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткелерді бақылау және нақты фитосанитарлық карталарды жасау үшін АӨК-дегі Мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекцияларына дрондар сатып алады.

Дрондар шегірткеге қарсы күресте тиімділігін көрсетеді. Дернәсілдердің белсенді өсу мерзімінің қысқа кезеңінде мұндай аумақтарды дәстүрлі түрде жаяу немесе машиналармен өңдеп шығу өте қиын. Толық өңделмей қалу ықтималдығы жоғары. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс министрліктері егістіктерді зиянкестерден өңдеу үшін дрондарды инвестициялық субсидиялау мәселесін пысықтауы қажет, – деп қорытындылады жедел штаб отырысын Серік Жұманғарин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама