Келес ауданында бір сыныпта оқитын үш жұп егіз мектеп бітіреді
Биыл 89 оқушы «Алтын белгіге», 144 түлек «үздік аттестатқа» үміткер болып отыр
Түркістан облысы Келес ауданында бір сыныпты оқитын 3 жұп егіз мектеп бітіріп жатыр.
4 қыз бен 2 ер бала оқушы мектеп түлектері атанып отыр.
Otyrar.kz-тің хабарлауынша, олар Ө.Жәнібеков атындағы №2 мектеп-гимназиясының түлектері. Бұл білім ордасында биыл 100 оқушы мектеппен қоштасады.
Сынып жетекшісі Ляззат Анарқұлқызы Ақылбек пен Асылбекті, Батпа мен Зәурені, Аяужан мен Аружан есімді егіздерді озат оқушы болғанын айтты.
Ақылбек Данабай «Алтын белгіге», Асылбек Данабай «Үздік аттестатқа» үміткер. Жігіттердің анасы Жанар Арынова мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Ал көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан Батпа тігін цехын ашқысы келсе, Зәуре сұлулық салонында жұмыс істегуді мақсат етіп отыр. Аружан мен Аяужан болса, заң саласында қызмет ету үшін «Тарих-құқық» сияқты пәндерді таңдап жатыр, – деді мектеп мұғалімі.
Мектеп түлектеріне арналған «Соңғы қоңырау» 25 мамырда соғылады.
Биыл Келес ауданында 2 мыңнан аса мектеп бітіруші түлек үлкен өмір жолына қадам басады. Оның ішінде 89 оқушы «Алтын белгіге», 144 оқушы «үздік аттестатқа» үміткер.
Биылғы оқу жылында Келесі ауданында үш егіз мектеп табылдырығын аттаған болатын.
Келес ауданындағы №23 1-Мамыр жалпы білім беретін мектептің 1-сыныбына үш егіз барды. Олар: Алинұр мен Айзере, Әділбек пен Әсілбек, Аман мен Есен.
Біздің мектепте бұрын мұндай жағдай болған жоқ. Егіздердің көптігі мұғалімдерімізге оларды ажыратуға, бастапқыда тануға қиындық тудыруы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе бір-бірімізге үйренісіп кетеміз. Оқушылардың қадамына сәттілік тілеймін, – деген еді сол кезде мектеп басшысы Бақтыгүл Бейсеқұл.
Келес ауданында 2023-2024 жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 3 100-ден аса оқушы қабылданды. Жаңа оқу жылынан бастап аудандағы 1-4 сыныпта оқитын 13 000-нан аса бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, аудан бойынша 3 200-ден аса бала мектепке тасымалданса, биыл «Балалар жылы» аясында 12 заманауи автобус Келес ауданына берілді.