Halyq Uni логотип
×

«Қазақстан мұғалімі-2024» Ұлттық сыйлығына өтінім қабылдау аяқталуға жақын

Жүлде қоры – 20 млн теңге

 Динара Амантай 24.05.2024 | 14:49
«Қазақстан мұғалімі-2024» Ұлттық сыйлығына өтінім қабылдау аяқталуға жақын
көрнекі фото: Halyq Uni

«Қазақстан мұғалімі-2024» ұлттық сыйлығына (National Teacher Prize Kazakhstan) қатысуға өтінімдерді қабылдау аяқталуға жақын, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Осы жылы Сыйлық 20 миллион теңге болатын рекордтық жүлде қорын ұсына отырып жаңа деңгейге шығады. Бұл бірегей іс-шара мұғалімдердің көрнекті жетістіктерін атап өтуге, шығармашылық әлеуетін ынталандыруға және бүкіл Қазақстан бойынша оқытудағы жаңа құзыреттер мен мүмкіндіктер қалыптастыруға арналған.

Сыйлықтың басты және ең үлкен сыйлығы – Ұлттық сыйлықтың жеңімпазы алатын 10 млн теңге. Сондай-ақ, финалға өткен 10 қатысушы 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болады.

Жалпы сомасы 20 миллион теңге болатын жүлдеден бөлек, ТОП-10 финалист 1 миллион долларлық жүлде қоры бар «Әлем мұғалімі» (Global Teacher Prize) Жаһандық сыйлығына үміткер бола алады. Финалистер сонымен қатар әлемдік білім беру қауымдастығымен өз әдістері мен инновацияларын бөлісуге мүмкіндік беретін медиа тарапынан кең қолдауға ие болады.

ТОП-50 финалист Teachers’ Summit халықаралық іс-шарасына және «Қазақстан мұғалімі-2025» ұлттық сыйлығын марапаттау рәсіміне шақырылады. ТОП-10 финалист «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының жеңімпаздары мен финалистерімен, сондай-ақ білім саласындағы жетекші халықаралық сарапшылармен бірге шығады.

Финалистер кәсіби дамуға және қосымша оқуға көмектесетін бағалы сыйлықтарға ие болады. Бұған оқыту сертификаттары, мамандандырылған білім беру платформаларына жазылу және одан әрі педагогикалық қызметінде көмектесетін материалдар кіреді.

Мұғалім мәртебесін мойындау, мадақтау және көтеру, кәсіби өсуге мүмкіндіктер және жаһандық деңгейде әсер ету мүмкіндігі – «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының финалистерін күтетін нәрселер.

Бастауыш және орта мектептің әрбір мұғалімі байқауға қатысып, еліміздің үздік мұғалімдерінің қатарына қосылу мүмкіндігіне ие бола алады. Үздіктердің үздігі, ТОП-10 мұғалім «Әлем мұғалімі-2024» жаһандық сыйлығына үміткері атанып, әлемдік деңгейге өтеді.

Өтінім беру 2024 жылдың 22 сәуірінен 22 маусымына дейін ашық болады. Қатысу үшін әрбір үміткер байқау сайтындағы https://www.teachers-summit.org өтінім формасын толтырып, бейнеролик және шығармашылық эссе бекітуі керек.

Сондай-ақ, комиссияның іріктеуінен өту үшін қатысушылар келесі шарттарға сай болуы керек:

  • кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;
  • алдағы 5 жыл ішінде оқытушылық қызметте қалуды жоспарлау;
  • 5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды оқытатын мемлекеттік немесе жеке мектепте,  колледжде немесе қосымша білім беру жүйесінде мұғалім болу;
  • балаларды бетпе-бет оқытуға аптасына кемінде 10 сағат уақыт өткізу;
  • осыған дейін аталмыш байқаудың жеңімпазы болмау;
  • осыған дейін аталмыш байқаудың ТОП-10 финалист қатарында болмау.

Толығырақ ақпарат байқау сайтындағы ережелерде бекітілген.

Бұған дейін Қазақстан мұғалімдері әлемнің ТОП-50 мұғалімінің қатарына екі мәрте енген еді. Енді еліміз межені бұдан да жоғары көтеруге дайын. Биылғы жүлде қоры – рекордтық 20 миллион теңге бұл шараның маңызы мен мәнін айқындайды.

Биыл «Қазақстан мұғалімі» Ұлттық сыйлығының басты ұйымдастырушысы – Inclusive Development Foundation корпоративтік қоры. 2024 жылдың 5 наурызынан бастап, Варке Қорымен келісілген меморандумға сәйкес, ол Global Teacher Prize бен Оқу-ағарту министрлігі қолдау көрсеткен ұлттық сыйлықты ресми түрде таныстырады. Сыйлықтың серіктестері – «Bilim Land» ЖШС, Абай атындағы ҚазҰПУ, KinoPark және Tiger Films, Global Nomad education.

БАҚ үшін байланысу нөмірі: +77019992819, Инкар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама