Астанада қазақы тазы иттерді таныту үшін халықаралық көрме өтеді
Халықаралық комиссия 100-ге жуық итті тексереді
26 мамыр, жексенбіде Астанада иттер көрмесі өтеді. Оның аясында арнайы халықаралық комиссия қазақы тазы тұқымындағы 100-ге жуық итті тексереді. Көрмені Қазақстан Кинологтар одағы ұйымдастырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Көрмедегі зерттеу қорытындысы бойынша комиссия өз қорытындысын шығарады. Ол –Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) Бас комитетінің қазақ тазысын халықаралық деңгейде мойындау және «Kazakh Tazy» брендін Қазақстанға бекіту туралы шешімінің негізі.
«Бұл көрме тек бәсекелестік немесе иттердің сүйкімділігін көрсету үшін емес. Бұл – қазақ халқы үшін тарихи маңызы бар іс-шара, еліміздің ұлттық мақтанышы мен мәдени мұрасының нышаны – қазақ тазы тұқымын ұлттық қазына және бренд ретінде бекіту және халықаралық деңгейде таныту мүмкіндігі, – деді Қазақстан Кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали.
Қазақы ит тұқымдарын халықаралық деңгейде мойындау үшін FCI міндетті талаптарының бірі – иттерді зерттеу, олардың шыққан еліндегі тұқымның жай-күйі мен даму перспективаларын зерттеу.
Көрмеге қатысу үшін Қазақстан Кинологтар одағы әртүрлі жас санаттары мен түстердегі 100 итті мұқият іріктеп алды.
Мекен-жайы: Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 53/1, «EXPO» Халықаралық көрме орталығы
Өтетін күні: 26 мамыр 2024 жыл.
Басталуы: сағат 9:00-де.
Аккредитация үшін: 8 707 953 51 54