Halyq Uni логотип
×

Абай облысында 17 су каналы қайта жөнделеді

_Өңірде жаңадан 5 су қоймасы да салынады

 Дастан Жұмабекұлы 24.05.2024 | 09:39
Абай облысында 17 су каналы қайта жөнделеді
Фото: Kazgazeta.kz

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Абай облысының тұрғындарымен кездесіп, ведомствоның өңірдің су шаруашылығын дамыту жөніндегі жоспары туралы айтты.

Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспарында Абай облысында жаңадан 5 су қоймасын салу есебінен жиналатын су көлемін 156,4 млн текше метрге көбейту қарастырылған. Бұдан басқа, 17 нысанды қайта жөндеп, суару каналдарының тиімділігін 55%-ға жақсартуға және су үнемдеу технологияларын енгізу көлемін 88,2 мың гектарға дейін ұлғайтуға ниетті. Жалпы ұзындығы 114,3 шақырым болатын 4 су торабына және 3 су қоймасына реконструкция жасау жоспарланып отыр.

Күн тәртібінде шешімін қажет ететін бірнеше мәселе бар. Біріншісі, суды басқару және пайдалану жүйелерін климаттың өзгеруіне бейімдеу.
Екіншісі, халық санының артуы мен урбанизация және соған сай суға деген сұраныстың артуы.

Үшіншісі, су көздері мен экожүйенің ластануы, судың сапасына ғана емес, азаматтардың денсаулығына да қауіп төндіреді. Осы қиындықтарды сәтті шешу үшін біз негізгі үш бағыт бойынша жұмыс істейміз. Бұл ең алдымен суды үнемдеуге және қайта пайдалануға бағытталған жаңа нормативтік-құқықтық база құру. Екіншіден, инфрақұрылымды толыққанды жаңғырту және су үнемдеудің озық технологияларын енгізу. Сондай-ақ, көрші елдермен ынтымақтастықты күшейту, – деді Нұржан Нұржігітов.

Атап айтқанда, елімізде жаңа Су кодексі әзірленді. Парламент Мәжілісіне енгізілген құжаттың жаңа редакциясында суды сарқылудан, ластанудан және бітелуден қорғауға басымдық беріледі. Ал ресурстың өзі енді тек экономикалық пайда көзі ретінде қарастырылмайды.

Су саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілік заңнамалық деңгейде күшейтіледі. Ауыз судың сапасын жақсартуға қойылатын талаптар пайда болды. Елдімекендерді сумен жабдықтауға және су бұруға арналған тарау едәуір кеңейді.

Сондай-ақ, 2030 жылға дейін су ресурстарын басқару жүйесін дамыту Тұжырымдамасы бекітілді. Ол су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстар мен ирригациялық жүйелерді салу және реконструкциялау, цифрландыру, су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі іс-шараларды, сондай-ақ экология және көршілес мемлекеттермен ынтымақтастық мәселелерін көздейді.

Тұжырымдамаға сәйкес, министрлік 9 облыс аумағында жаңадан 20 су қоймасын салуды және 15 су қоймасын реконструкциялауды, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам суару каналын жаңғыртуды жоспарлап отыр. Осы жоспарларды іске асыру –  тасымалдау кезінде су шығынын 50%-дан 25%-ға дейін азайтуға, қосымша 2,4 млрд текше метр су жинауға, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Су ресурстары және ирригация министрлігі әр облыстың әкімдіктерімен бірлесіп 2030 жылға дейін су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелерді және топтық су құбырларын салу мен реконструкциялаудың кешенді жоспарын әзірледі. Жоспарда 133 гидротехникалық құрылысты, 7700 шақырымнан астам ирригациялық жүйені және 1200 шақырым топтық су құбырын реконструкциялау, сондай-ақ 3628 тік дренажды ұңғыма бұрғылау қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама