×

Семейде қаржы пирамидасын жарнамалаған әйел сотталды

Ол 2 мыңға жуық адамды алдап кеткен

 Динара Амантай 24.05.2024 | 09:21
Фото: Halyq Uni

Семейде қаржы пирамидасын жарнамалаған әйел 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қаланың 57 жастағы тұрғыны Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Алматы, Семей, Павлодар қалаларында тұратын басқа тұлғалармен сөз байласып, 2016 жылы Ақтөбе қаласының тұрғыны жасап шығарған смартфон арқылы пайдаланылатын Шығыс Қазақстан облысының азаматтарына арналған «APPPORT» мобильді қосымшасын жарнамалап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген.

«UNNNITY corporation» ЖШС сайтына қаражат тарту мақсатында мобильді қосымшаны пайдаланушылар кәсіпкерлерге «APPPORT» порталы арқылы белгілі бір мерзімге дейін өз қызметтерін жарнамалауға мүмкіндігі болатынын айтып сендірген. «UCREDIT» (виртуальді валюта) сатып алу кезінде, сондай-ақ жаңа тұлғаларды тіркеген жағдайда белсенді қатысушыларға қосымша бонус алуға болатыны туралы жалған ақпарат таратқан.

Көптеген азаматтар жарнамаға сеніп, 350 мыңнан 2 миллион теңгеге дейінгі көлемде қаражаттарын салған. Осылайша 2016-2024 жылдар аралығында әйел өзінің таныстарымен бірігіп, 2 мыңға жуық адамды алдап, оларға жалпы көлемі 2,5 млрд теңгеге жуық материалдық шығын келтірген.

Сот оны қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, 7 жыл мерзімге қаржы және коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

 Сотталған жазасын өтеу үшін Семей қаласындағы ең төменгі қауіпсіздік мекемесіне келді. Қазір ол карантин бөлімінде жатыр. Онымен оқу-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, карантиндік бөлімнен шыққаннан кейін сот шешімімен талап-арыздарды өтеу үшін ақы төленетін жұмысқа орналасады, – дейді мекеме басшысының орынбасары Дархан Бигазиев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама