Елімізде шамамен 47 мың адам осы дертпен ауырады
Астанада Қазақстан тұрғындарының психикалық денсаулығына қатысты жүргізілген сауалнаманың қорытындысы жарияланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сауалнама 24 мамыр – Дүниежүзілік шизофрения күніне орай Астана мен Алматы қалаларында жүргізіліп, 100-ден аса адамнан жауап алынған. Олар – 18 бен 65 жас аралығында.
Респонденттердің 13%-ы шизофрения ауруы туралы мүлдем естімегенін айтса, сұраққа жауап бергендердің 45%-ы бұл дертке шалдыққандар қоғамға қауіпті деп ойлаған, ал респонденттердің 28%-ы аталған психикалық ауруға шалдыққандарды қоғамнан оқшаулау қажет деп санайды.
Сауалнама адамдар бұл аурумен бетпе-бет келмегесін ол туралы аз білетінін көрсетті. Көшеде жүргізілген сауалнамадан азаматтардың ауру туралы хабардар болуы жас санатына ғана емес, оның тұрғылықты жері мен қай тілде сөйлейтініне байланысты деп қорытынды жасауға болады. Мысалы, астаналықтарға қарағанда Алматы тұрғындары бұл дерт туралы көбірек біледі, - деді Gedeon Richter KZ ЖШС PR менеджері Динара Бірмағанбетова.
Компания сауалнама барысында жиналған деректерді өңдеп, психикалық аурулар туралы ақпарат мемлекеттік тілде жеткізіліксіз деген қорытындыға келген. Сондықтан компания осы бағытта жұмысты күшейткен.
«Бұл бізді қазақ тіліндегі ақпараты көп таратуға ықпал етті. Нәтижесінде қазір әлеуметтік желілер мен сайттағы контент алдымен мемлекеттік тілде жасалатын болды. БАҚ-қа тиісті хабарламаларды қазақ тілінде беріп жатырмыз», - деді PR менеджер.
Сондай-ақ Динара Бірмағанбетова компания «Шизофрения как она есть: книга для тех, кто рядом» атты кітабын қазақ тіліне аударуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас психиатры Елена Полиенко бұл дертке шалдыққан науқастар дәрігердің тұрақты бақылауында болса, қоғамға қауіп төндірмейтінін айтты.
Қазақстанда 47 мыңға жуық адамға шизофрения диагнозы қойылған. Әрине, бұл – тұрақты бақылауды және ұзақ мерзімді терапияны қажет ететін өте ауыр психикалық ауру. Алайда бүгінде заманауи антипсихотикалық препараттардың арқасында науқастың жағдайын жақсартып, оның қанағаттанарлық өмір сапасына қол жеткізуіне мүмкіндік бар. Шизофренияға шалдыққандардың кем дегенде үштен бірі дұрыс терапиядан өтсе, аурудың симптомы толық ремиссияға өтеді. Сондықтан шизофрения диазнозы қойылған адамдар қоғамға қауіп төндірмейді деп сенімді түрде айта аламыз, - деді дәрігер.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 24 млн адам немесе әрбір үш жүзінші адам шизофренияға шалдыққан.
Айта кетейік, шизофрения – адамның ойлау жүйесінің бұзылуы салдарынан туындайтын созылмалы психикалық ауру. Оның пайда болу себебі әрі толық зерттелмеген. Дерттің негізгі белгілері – жеке тұлғаның бөлінуі, галлюцинация, агрессия, обсессия және көңіл-күйдің өзгеруі.
Мамандар төмендегі белгілер байқалса, оған бей-жай қарамауға кеңес береді: